Татарстан астанасында ұлы Абайдың ескерткіш-бюсті ашылды

Ұлы ойшылдың ескерткіші Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды.

Іс-шара ҚР Президентінің 22-24 қазан аралығында өтіп жатқан БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапары аясында өткізілді.

Ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпова, Қазандағы ҚР Бас консулы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, сондай-ақ қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазанда ескерткіштің ашылуын халықтар арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен рухани туыстықтың үлгісі екенін айтты.

Бюст авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев.