Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Ұлан-Батыр қаласындағы Шыңғыс хан ұлттық музейін арнайы барып көрді.
2019 жылы ашылған музей қорында 10 мыңнан астам бірегей жәдігер бар. Экспозицияның негізгі бөлігі ұлы қолбасшы әрі жиһангер Шыңғыс хан тұлғасына арналған. Көрмеде Ғұн дәуірінен бастап XX ғасырға дейінгі Моңғол мемлекетінің қалыптасу кезеңдерін толық қамтитын артефактілер қойылған.
Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына: «Шыңғыс хан ұлттық музейі – ұлы тұлғаның және тұтас мемлекеттің шежіресі. Руханият ордасы ел игілігіне қызмет ете берсін. Моңғолия халқының мерейі үстем болсын!» деп жылы лебізін қалдырды.