Шетелдегі заңсыз активтерді қайтару: Мемлекетке қосымша 525 млрд теңге аударылды

Комиссия отырысында қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударумен қатар Заң субъектілері есебінен келесі объектілердің құрылысы мақұлданды: Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешен, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы.

«Қайтарылған барлық қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Жыл басынан бері Комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам келісімдерді мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектінің құрылысы басталды»,- деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қордан Ақмола облысының Зеренді ауылында спорттық кешен және Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебінің құрылысына қаражат бөлінді.