Елімізде зиянды түтін шығаратын көліктер камера арқылы анықталмақ

Елімізде зиянды түтін шығаратын көліктерді камера арқылы анықтайтын пилоттық жоба енгізілмекші. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Мұрат Иманбаев айтты.

«Алматы қаласында пилоттық жоба аясында көліктерден зиянды түтіннің шығуын анықтайтын камералар сынақтан өтіп жатыр», - деп қысқа қайырды Мұрат Иманбаев журналистің сұрағына жауап бере келе ОКҚ алаңында.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев әзірге бұл жоба туралы айту ертерек екенін, осы пилоттық жоба өткеннен кейін белгілі болатын нәтижелерге қарай шешім қабылданатынын атап өтті.

«Экологиялық ахуалға байланысты бұл мәселені де қарастыру жөн (көліктерден шығатын зиянды түтінді камера арқылы анықтау – ред.) деп есептейміз», - деді комитет басшысы.

Сондай-ақ Қайсар Сұлтанбаев бұл бастама пилоттық жоба ретінде енді қосылатынын, әзірге тек сынақтан өткізіліп жатқанын атап өтті.


Фото: inform.kz