Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ербол Мырзабосынов Мемлекет басшысына спорт саласын реформалау жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, төрешілер мен мамандар біліктілігін арттыру, легионер санын азайту, федерациялар жұмысын оңтайландыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Салаға вертикалды басқару жүйесін енгізу шаралары басталған. Осы мақсатта министрлік жанынан арнайы құрылған топ мүшелері өңірлердегі спорт саласының жағдайына жан-жақты талдау жүргізген айтты.

Сонымен қатар, қолданыстағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға негізгі басымдықтарды айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін жұмыс тобы құрылған.

Бүгінде халықаралық федерациялармен ынтымақтастық аясын кеңейту, спорт инфрақұрылымдарын жетілдіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ еліміздің туристік әлеуетін арттыру шаралары туралы мәлімет берді:

      – шетелдік саяхатшыларға түрлі мүмкіндіктер ұсынатын Neo Nomad Visa жобасы іске қосылған;

      – Президент тапсырмасына сәйкес, Алматы тау кластерін, Маңғыстау және Бурабай курорты аймақтарында жағажай туризмін дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірленуде;

      – Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті құрылып, лудоманияға қарсы күрес қолға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрге спорт және туризм салаларын одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, алдағы уақытта өтетін халықаралық спорт додаларына дайындық деңгейін пысықтауды, сондай-ақ елімізде танымалдығы артып келе жатқан падел спортын ілгерілетуге назар аударуды тапсырды.

Фото: Ақорда