«AMANAT» партиясының қолдауымен Тәуелсіздік күні қарсаңында қанат жайған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі дода биыл «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбында өтті.
Екі күнге созылған жыр аламанында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды.
Жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа, 2-орын жетісулық Айым Асылбекқызына бұйырды. 3-орынды қарағандылық Дидар Қамиев, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев және ұлытаулық Өміржан Көпбосын өзара бөлісті.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусинаға «Көрермен көзайымы» жүлдесі мен «Айтыс ақтаңгері» атағы беріліп, темір тұлпардың кілті табысталды. Ал арнайы жүлдені алматылық Қазірет Бердіхан және Шұғайып Сезімхан, шымкенттік Біржан Байтуов, астаналық Әсем Ережеқызы иеленді.