Соңғы үш жылда Kids Go Free балаларға арналған саяхаттау бағдарламасын 5 500 қазақстандық отбасы пайдаланды. 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Kids Go Free бағдарламасы аясында қазақстандық туроператорлар 1,2 миллиард теңгеге турларды сатқан.
«Алакөл» көлінің жағалауы аталған бағдарламаның ең жоғары сұранысқа ие бағыт. Өткен жылмен салыстырғанда биыл сатылған турлардың саны 20%-ға артты. 700-ден астам бала Алакөлге тегін саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды.
Алматы мен Алматы облысының маңындағы аймақтарға деген қызығушылық өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға ұлғайды. 330 отбасы осы бағытты таңдаған. Балалар әуе билеттерінің құнын өтеуге жұмсалған қаржы 41,6 миллион теңге болса, бұл бағыттағы турлар жалпы 135,3 миллион теңгеге сатылды.
Шортанды-Бурабай курорттық аймағы мен Астана қаласы – «Kids Go Free» бағдарламасының үшінші танымал бағыты. Оған жаз айлары мен қысқы демалыс кезінде сұраныс өте жоғары.
– Жыл сайын ата-аналардың балаларымен бірге Қазақстан бойынша саяхаттау көрсеткіші артып келеді. Үш жыл ішінде қазақстандық отбасылар 280 млн теңге үнемдеді. Ал отандық туроператорлар осы уақытта 1,2 млрд теңгеге турлар өткізді. Балалардың әуе тасымалына субсидия түрінде мемлекет тарапынан салынған қаржы ата-аналарды туған жерлеріндегі демалысқа ынталандырады. Мемлекеттен бөлінген әрбір теңге еліміздің экономикасына қосымша 4 теңге пайда әкеледі деп айтуға болады, – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Биыл осы бағдарлама бойынша 2172 балаға Қазақстанды саяхаттау үшін тегін әуе билеттері ұсынылды. Туроператорлар балалардың әуе билеттері құнын есептемегенде, 415,6 миллион теңгеге турлар өткізді. Мемлекет тарапынан 114,5 миллион теңге өтелді, бұл жалпы сатылған турлардың 28 пайызы.
Дереккөз: inform.kz