Бүгін Алматы қаласында көрнекті опера әншісі, актер, педагог Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әншінің ағасы Мұрат Серкебаев пен ұлы Байғали Серкебаев, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Ескерткіш Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттікакадемиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдында орнатылған.
«Ермек Серкебаев – ерекше талант иесі, кәсіби шеберлігі жоғары музыкант. Ол миллиондаған өнер сүйер көрерменнің шынайы махаббатына бөленді. Бүгінгі қазақ операсын Ермек Серкебаевсыз елестету қиын. Оның ғибратты ғұмыры – мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір тарау. Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ ол қоғамдық-саяси өмірде де белсенділік танытып, Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосты», – деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Әншінің бейнесін Айдос Бүркітбаев, Тимур Ермұхаметов, Ақылбек Орманбеков және Қуаныш Асылбай қоладан сомдаған.