Әр өтініш артында адам тағдыры тұр — Президент

Президент халықтан түсетін өтініштерге айрықша назар аударуды тапсырды. Былтыр Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өтініштерге айрықша көңіл бөлуді тапсырды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппараттың басты міндеті — азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек.

− Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Сонымен қатар бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысында шешімін таппай жатқанын аңғартады, − деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды.