Техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту керек — Тоқаев

Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс көлемі артады және биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында пікір білдірді.

— Жұмысшы мамандықтар жылы маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылады, еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс, — деді Қ. Тоқаев.

Бизнестің бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады.

— Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет, — деп толықтырды Президент.

Сондай-ақ, ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.


Фото: inform.kz