Мемлекет басшысы Жапония Премьер-министрінің арнаулы кеңесшісін қабылдады

Мемлекет басшысы Жапония Премьер-министрінің арнаулы кеңесшісі Акихиса Нагашиманы қабылдады.

Президент Жапония Премьер-министрінің арнаулы кеңесшісі, Парламент Өкілдер палатасының депутаты Акихиса Нагашиманы қабылдады.

– Қазақстан Жапониямен стратегиялық серіктестікті дамытуға ерекше мән береді. Екі ел арасында достық пен өзара түсіністікке негізделген тығыз ынтымақтастық орнаған. Біз «Қазақстан мен Жапонияның арасы алыс болғанымен, достығымыз берік» деп айтамыз,
– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және ғылыми-техникалық байланыстарды кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екеніне тоқталды. Президент Қазақстан экономикасына тартылған жапон инвестициясының көлемі 8 миллиард доллардан асқанын айтты. Сондай-ақ еліміздің шетелдік инвесторларға, соның ішінде Жапонияның озық компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.