Алматыда Әнуарбек Байжанбаев туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстанның Халық артисі, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, диктор Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев туралы «Қазақтың Байжанбаевы» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

 1944-1990 жылдар аралығында Қазақ радиосына қызмет еткен дауылпаз дауыс иесінің оқуында радионың «Алтын қорында» 600-ге тарта хабар сақталған.

    «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р.Құл-Мұхаммедтің демеушілігімен жарық көрген бұл кітапта қазақ радиосының дикторлар галереясы жасалып,  аты аңызға айналған Ә.Байжанбаевтың замандастарымен қатар шәкірттерінің, ақын-жазушылардың естелік әңгімелері, өлең-жырлары қамтылған.

Шараға ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты.