Еліміздің 2025 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік–экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұлттық статистика бюросының болжамды деректеріне сәйкес, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6%-ды құрады. Экономиканың негізгі салаларында: көлікте (22,4%), саудада (7%) даму қарқынының артқаны байқалады. Өсім ауыл шаруашылығы (3,9%) және байланыс (2,6%) салаларында да тіркелді.
Көлік саласындағы өсім саланың жалпы көлеміндегі үлестері тиісінше 20,5% және 19,6%-ды құрайтын темір жол және құбыр көлігімен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Жоғары динамика Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді.
Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2%-ды құрады. Сонымен қатар құрылыс кезеңін ескере отырып, жұмыстарды орындау қарқынын арттыру және жобалар құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қажетті үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Фото: kaz.inform.kz