Бүгін Мәжіліс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.
Мәжіліс заң жобасына келесі ұсыныстар енгізді:
- Сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, алғашқы жүгінген кезде және әлеуметтік маңызы бар ауруларды алдын алу, диагностикалау және емдеу, сондай-ақ жекелеген скринингтер бойынша қызмет көрсетуде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің базалық пакетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында сақтау;
- Жалақының айлық табысынан МӘМС жүйесіне аударымдар есебінің шекті мөлшерін 50 ең төменгі жалақыдан 20 еселікке дейін, ал жұмыс берушілер үшін – 40 еселік ең төменгі жалақыға дейін төмендету;
- МӘМС жүйесінің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында жарналарды қатарынан 60 ай бойы төлеген азаматтар үшін жарна төлеу тоқтатылған сәттен бастап 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтау;
- Әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізбесін заңмен бекіту.
Сонымен қатар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында депутаттар келесі нормаларды ұсынды:
- МӘМС жүйесіндегі қаржылық қозғалыстар туралы мәліметтерді ресми интернет-ресурстарда міндетті түрде жариялау;
- Қызметтерді сатып алу шарты бойынша міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған денсаулық сақтау субъектілерінен қаржыны қайтару;
- Уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында нақты деректер жарияланған жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізу.
Заң жобасын талқылау барысында кейбір ұсыныстар қолдау таппаған, тиісінше қабылданбады:
- медициналық қызметтерге уақытылы ақы төлеу;
- бақылау, мониторинг және айыппұл санкцияларын қолдану функцияларын қор мен медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен уәкілетті орган арасында бөлу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.
Фото: egemen.kz