Қорғаныс министрлігінде алғаш рет әскери қызметтің белгіленген мерзімінде қызмет еткен сарбаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға мемлекеттік гранттар табысталды.
Сертификаттарды тапсыру салтанатты жағдайда өтті. Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жауынгерлік оқу үздіктерін құттықтады. Қорғаныс ведомствосы басшысы орынбасарының қолынан 2024 жылдың көктемінде шақырылып, мерзімді әскери қызметтен өткен 22 сарбаз оқу сертификаттарын алды.
ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі – мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға, жас мамандарды қолдауға және олардың кәсіби өсуін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік бастама.
– Конкурстық іріктеуге Қарулы күштердің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде белгіленген мерзімде қызмет еткен 17500-ден астам сарбаз қатысты. Араларыңызда әскери оқу орындарына түсіп, офицер болуға шешім қабылдағандардың барына қуаныштымын. Бұл армиядағы қызмет жауапкершілік, тәртіп және патриотизм сияқты қасиеттерді қалыптастырғанын білдіреді. Оқуда да, қызмет ету кезеңінде де жоғары нәтиже көрсететіндігіңізге күмәнім жоқ, – деп атап өтті генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Министрдің орынбасары Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін түрлі жеңілдіктерді арттыру жөнінде шаралар қабылдауды жалғастыра беретінін жеткізді.
Әділ және ашық іріктеу жүргізу үшін «Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі құрылды. Онда барлық әскери бөлімдер тіркелген және бүкіл қызмет кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелер көрсетілген.
Енді кешегі сарбаздар ҰБТ тапсырмай, мемлекет есебінен оқудан бөлек, шәкіртақы алуға, тегін жатақханада тұруға және әскери кафедраға конкурссыз қабылдануға құқылы.