Мемлекет басшысы «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумына қатысты

Президент еліміз экономикалық ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға дайын екенін жеткізіп, басым бағыттарды атап өтті.

– Бірінші – көлік қатынасы. Қазақстан мен Болгария географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан. Еуразияның қақ ортасында тұрған біздің еліміз құрлықаралық байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Еуропа мен Қытай арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Орта дәліз инфрақұрылымын дамытудың арқасында, яғни, заманауи теміржолдар, құрғақ порттар мен логистикалық орталықтар сала отырып, Шығыс пен Батыс арасын бұрынғыдан әлдеқайда тиімді жалғаймыз. Былтыр аталған дәліздің бойымен тасымалданған жүктің көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Бұдан осы бағыттың маңызы арта түскенін аңғаруға болады. 2028 жылға қарай жолдың жүк өткізу мүмкіндігі 10 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемін арттыруға ниеттіміз және Қара теңіздегі негізгі логистикалық орталық – Бургас портының Орта дәлізге қосылуын құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




Фото: https://t.me/aqorda_resmi