Президент ExxonMobil корпорациясының басқарма төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы ExxonMobil корпорациясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Басқосу барысында энергетика және мұнай-газ салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың қазіргі жай-күйі мен перспективасы талқыланды. 

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев ExxonMobil корпорациясының ел экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ аталған компанияны Қазақстанның энергетика секторындағы негізгі әрі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады. 

Мемлекет басшысы мұнан кейін мұнай-газ саласындағы бірлескен қызмет аясында көмірсутегі өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Осы ретте Қазақстан тарапының аталған корпорациямен ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге және өндірістің тиімділігін арттыруға мүдделі екенін айтты.

Кездесу соңында Даррен Вудс Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы жобаларын табысты жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасағаны үшін ризашылығын білдірді. 



Фото: Ақорда