Вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізген кеңесте биылғы 5 айдағы еліміздің ЖІӨ өсімінің құрамдас бөлігі мен экономикаға қомақты үлес қосып отырған салалардың даму серпінін арттыру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл туралы ҚР Үкіметі мәлім етті.
— Өнеркәсіп экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші болып қала береді: 2024 жылғы қорытынды бойынша оның ЖІӨ-дегі үлесі 25,7%-ды құрады. 2025 жылғы қаңтар–мамыр айларында сала 6,4%-ға өскен. Дегенмен, қарқын бәсеңдеп барады: бір ай бұрын өсім 6,6%-ды құраған. Оның басты себебі — өндірістің өскеніне қарамастан өңдеу өнеркәсібінің баяулауы. Өнеркәсіптік өндіріс индексінің төмендеуі үш өңірде: Шығыс Қазақстан облысы (90,4%), Ұлытау облысы (96,2%) және Қостанай облысында (97,6%) тіркелді, — делінген хабарламада.
Өңдеу жоспарынан артта қалу, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібінің 40%-ын құрайтын металлургиямен байланысты. Кеңесте басқа сегменттердегі — машина жасау, тамақ, химия және мұнай өңдеу өнеркәсібіндегі өсу әлеуеті де қарастырылды.
Белсенді өсу қарқыны бар тағы бір сала — құрылыс. Оның 5 айдағы өсімі 15,4%-ды, жұмыс көлемі 2 трлн теңгені құрады. Алайда, екі өңір, Атырау мен Ұлытау облыстары артта қалып келеді. Атырауда (жоспардың 43,2%) ТШО жобасы шеңберінде зауыт жұмысының тоқтауына байланысты, Ұлытауда (78,4%) тау-кен өндіру саласындағы нысандар салу мен жөндеудің қысқаруына байланысты қарқын бәсеңдеген.
Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 19 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті тұр. Соңғы 5 айда 6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 5,7%-ға жоғары.
Фото: baq.kz