Қайтарылған активтер қаражаты есебінен 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр

Қазіргі таңда 406 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат бүкіл ел бойынша жүздеген әлеуметтік нысан құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына жұмсалып жатыр.

Басты назар әлеуметтік маңызды инфрақұрылымға аударылады

Қайтарылатын қаражат Қаржы министрлігінің жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға түседі.

— Қазіргі таңда 406 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде 9 білім беру нысаны, спорт саласындағы 3 нысанды, денсаулық сақтау саласындағы 162 жобаны, сумен жабдықтау саласындағы 159 жобаны қоса алғанда, 333 жоба іске асырылып жатыр, — делінген хабарламада.

Барлық жоба Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Білім беру нысандары сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Спорт нысандары бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Шалғайдағы елді мекендерде медициналық көмек көрсету үшін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында медициналық мекемелер құрылады. Су құбыры желілерінің құрылысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық қаласы мен ауылын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етудің стратегиялық мақсатына сәйкес келеді, бұл — халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам. 



Фото: pixabay