Мемлекет басшысына Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагоны таныстырылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа вагондардың басты артықшылығы – жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруды көздейтін заманауи инженерлік шешімдер. Қатаң климаттық жағдайға бейімделіп жасалған вагондарды қолдану мерзімі – 40 жыл.
Кәсіпорын купе, плацкарт және қозғалысы қиын жолаушылар үшін арнаулы вагондар шығарады. Биыл 51 вагонды, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагонды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ұлттық тасымалдаушының вагон паркін толығымен жаңартуына мүмкіндік береді. Өндірісті локализациялауға қазақстандық кәсіпорындар тартылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа темір жол қатынасы жүйесін жаңғырту барысы жөнінде есеп берілді. Бүкіл ел бойынша 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, жолаушы тасымалдау жүйесіндегі қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер енгізіліп жатыр.