Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы негізгі үрдістер қарастырылып, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың, сондай-ақ Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің ақпараты тыңдалды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз көші-қонды болдырмау бойынша бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің адами капиталын арттыруды ынталандыру қажеттігіне назар аударды.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке мемлекеттік органдардың функционалдық міндеттеріне сараптама жасау мен қайта қарау және көші-қон саласындағы барлық ақпараттық жүйені интеграциялау ісін күшейту міндеті жүктелді.