Мемлекет басшысы ICAO президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстанның өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екені атап өтілді. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді.
Өткен жылдан бері Монреаль қаласында Қазақстан Республикасының ICAO жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңсесі жұмыс істей бастады.
Халықаралық әуе тасымалдарының географиясы кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын жолға қойды. Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу мәселесі пысықталып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен ICAO арасында қол қойылатын азаматтық авиация бас жоспарының маңызына тоқталды.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Фото: Ақорда