Маңғыстауда «LiveGood» қаржы пирамидасы әшкереленді

Маңғыстауда «LiveGood» қаржы пирамидасы әшкереленді, деп хабарлайды qazaqstan.tv.

Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеу дерегі бойынша,  «LiveGood» компаниясы өзін дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспалар сататын желілік маркетинг ретінде көрсеткен. Шын мәнінде салымшыларды тарту арқылы табыс табуды уәде еткен.

Салымшылардың табысы жаңа адамдарды тарту санына байланысты болған. Жазылу құны - 50 АҚШ долларынан басталған. Салдарынан 80-нен астам азамат қаржы пирамидасының құрбаны болған.

Күдікті салымшылардың қаражатын криптовалюта арқылы туыстарының шоттарына аударған. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа ол Ақтау қаласынан 2 пәтер мен Lexus автокөлігін сатып алған. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны – 43 млн теңге.

Сот санкциясымен күдіктінің 132 млн теңге көлеміндегі есепшоты мен мүлкіне тыйым салынды. Сондай-ақ бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алынды.

Фото: gov.kz