Үкімет басшысы: Перизат Қайрат ісі — заңнамалық өзгерістер үшін мүмкіндік

Үкімет басшысы Олжас Бектенов миллиардтаған қаржыны жымқырды деп күдікке ілінген қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайраттың ісіне қатысты пікір білдірді.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министр Олжас Бектеновке: — Қазір Перизат Қайратқа қатысты миллиардтаған қаражаттың жымқырылуына байланысты резонансты іс жүріп жатыр. Осы орайда қайырымдылық қорлары мен қаражат жинаумен айналысатын ұйымдарға қойылатын талаптар мен олардың жұмысына қандай да бір өзгерістер енгізіле ме? — деген сауал қойылды.

— Иә, мен бұл жағдайдан хабарым бар. Өкінішке қарай, өмір көрсетіп отырғандай, тек бюджет қаражаты ғана емес, азаматтардан қайырымдылық ретінде жиналған қаражат та мақсатсыз жұмсалып жатыр, аталған кейс, соның айқын мысалы. Бұл жалғыз оқиға емес, басқа да мысалдар бар. Бірақ, бұл істі ең резонансты деуге болады, — деп жауап берді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, қаржы механизмдерін заңнамалық тұрғыдан қайта қарау қажет. 

— Қаражаттың жұмсалуы есеп бақылауда әрі ашық болуы керек. Сондықтан бұл жерде, меніңше, Үкімет тарапынан да, құқық қорғау органдарының негізінде де, ұрлықтың нақты қалай жүзеге асқанын анықтау керек. Бұл тиісті заңнамалық түзетулерді қабылдауға мүмкіндік. Болашақта осы секілді құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталады, — дейді ол.

Еске салайық, бүгін елордада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысында «Асар-Үме» қорының президенті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты.

Дереккөз/Фото: kazinform