Tiryaki Holding Астанада бидай мен бұршақ өңдеуге инвестиция салады

Мемлекет басшысы Tiryaki Holding компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлыны қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Tiryaki Holding компаниясының атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлы агроөнеркәсіп кешені бағытындағы өзара тиімді және ұзақмерзімді серіктестік мәселесін талқылады. 

Мемлекет басшысы компанияның Астана қаласынан бидай мен бұршақты терең өңдеу зауытын салу туралы шешіміне қолдау білдірді. 

Сүлеймен Тирьякиоғлы аталған жоба еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал ететінін айтты. 

Кездесуде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау үшін логистиканы тиімді ұйымдастыру, қойма инфрақұрылымын цифрландыру және элеваторларды жаңғырту мәселелері қаралды.  


Фото: Ақорда