Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі отырысы өтті.
Мемлекет басшысы наркотизмнің елімізде де, әлемде де қауіпті деңгейге жеткенін айтты. Бұл – жастардың болашағына қауіп төндіріп, ұлт саулығына зиян келтіретін әлеуметтік дерт.
– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар бұл ұғымның нашақорлықтан әлдеқайда кең екенін атап өтті, ол ұлттық қауіпсіздікке де әсер етеді.
Президент емдеу-сауықтыру шаралары жеткіліксіз екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Фото: Ақорда