1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады

Президент Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Мемлекет басшысына биылғы 7 айдағы сот жүйесі қызметінің қорытындылары жөнінде баяндалды.

Асламбек Мерғалиев азаматтық істер бойынша дауларды шешудің баламалы әдістерін қолдану 24 пайызға, яғни, 61 мыңнан 76 мыңға дейін өскенін айтты. Олардың қатарында медиация, бітімге келу мен татуластыру рәсімдері бар.

Азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы даулар бойынша құқығын қорғау шеңберінде әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 2,6 мың актісі (57 пайыз) заңсыз деп танылды. Тергеу соттарының қамауға алуды санкциялаудан бас тарту үлесі 23 пайыздан 37 пайызға өсті. Ақталған азаматтардың саны (жеке айыптау істерін қоспағанда) 59-дан 88-ге жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бастап дербес кассациялық сот жұмыс істей бастады. Алғашқы айдың өзінде аталған мекемеге 5 мыңға жуық арыз-шағым түскен.


Фото: Ақорда