Феликс Чисекеди Конгоның өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді

Феликс Чисекедидің айтуынша, Қазақстан ядролық қарудан бас тарту және бейбітшілікті сақтау үшін дәйекті диалогты ілгерілету арқылы қауіпсіздік пен дамудың өте маңызды екенін көрсетті. Бұл – әлем жұртшылығына үлгі.

Біздің мемлекеттеріміз географиялық тұрғыдан бір-бірінен алшақ орналасса да, халықтарымызды егемендік пен территориялық тұтастықты құрметтеу, диалог арқылы бейбітшілікке үндеу секілді ортақ құндылықтар біріктіреді. Конго Демократиялық Республикасы халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәттерде көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды. Қазақстан БҰҰ аясындағы белсенді ұстанымымен Конго халқына жанашыр екенін дәлелдеді. Сондықтан Сізге шынайы ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз, – деді КДР Президенті.

Келіссөз барысында екіжақты сауданы дамыту, көлік-логистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне баса мән берілді.


Фото: Ақорда