Кез келген адамға елдің саяси өміріне тікелей араласуына мүмкіндік бар — Мәжіліс төрағасы

Жыл бойы сайлау өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті. 

— Жалпы, бұл жолғы Жолдау Президентіміздің «барлық реформаның өзегі — адам» деген басты қағидатты үздіксіз ұстанып келе жатқанын тағы да дәлелдеді. Елімізде атқарылып жатқан игі істердің барлығы халық үшін және халықпен бірге жасалып жатыр. Бұл — Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Осы ретте, Жолдауда еліміз үшін тағы бір маңызды реформаны қолға алу ұсынылды. Ол — Парламенттік реформа, яғни болашақта бір палаталы Парламент жүйесіне көшу. Мұны да халықпен бірге талқылап шешу қажет деді. Мемлекетіміздің болашағына қатысты тағдыршешті мәселенің бәрі халықтың талқысына салынып, шешім қабылдауды халықтың өзіне беру — Президентке тән ашық басқару стилі. Бұл азаматтардың пікірін құрметтеу және жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Бір палаталы Парламент идеясы қоғамда біраз уақыттан бері талқыланып келеді, — деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол 2022 жылғы конституциялық реформа барысында осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалғанын еске салды.


Фото: Мәжіліс