Мәулен Әшімбаев: барлық әрекет БҰҰ жарғысына сәйкес болуы тиіс

Қазір әлемдегі гуманитарлық дағдарыстардың ушығуы және мәдени мұралардың қирауы ерекше алаңдатып отыр. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы – Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі 20 жылдан астам уақыт бойы жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Осы аралықта бұл бастама уақыт сынынан сенімді өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бүгінде форум рухани көшбасшылар мен дін қайраткерлері, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың басшылары және үкіметтік емес ұйым өкілдері мен сарапшылар бас қосатын бірегей диалог алаңы ретінде қалыптасты. Бұл - осы маңызды іске атсалысқан барлық қатысушының бірлескен жұмысының нақты нәтижесі. Осыған орай, баршаңызға Съез бен оның Хатшылығына көрсетіп келе жатқан қолдауларыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, - деді М. Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXIII отырысында.

Оның пайымынша, 2022 жылы өткен жетінші Съез әлемдік діндердің бірлігі айтарлықтай күшке ие екенін айқын көрсетіп берді. Сондай-ақ әлемдегі қақтығыстар мен қайшылықтарға қарамастан, ашық әрі сындарлы диалог мәдениеттерді, халықтар мен діндерді жақындастыра алатынына нақты дәлел болды.


Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform