Алматы қаласында 17 қыркүйекте «Қазақстан» қонақ үйінің Elegant Hall залында «Достық көпірі» халықаралық кәсіпкерлер одағының алғашқы ресми сессиясы өтеді. Бұл маңызды іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және іскерлік байланыстарды тереңдетуге бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында атап көрсетілген кәсіпкерлікті қолдау мен халықаралық сауда-инвестицияны арттыру шаралары сессияның негізгі тақырыбы болады. Одақ төрағасы Мұқан Мамытхан баяндамасында Президенттің бастамаларын жүзеге асырудың нақты тетіктеріне тоқталады.
Салтанатты лента қию рәсіміне Алматы облысының әкімдігі мен ҚХР Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым қатысады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, өңір әкімдері, комитет басшылары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де қатысады.
Іс-шара аясында одақ мүшелеріне ресми куәліктер табысталып, Қазақстандық және қытайлық компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады. Облыстардың инвестициялық әлеуеті таныстырылады.
Сессияға Қытайдың жетпіске жуық ірі кәсіпорны мен инвесторлары қатысады. Олардың қатарында Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан компаниялар да, елімізге инвестиция салуды жоспарлап отырған жаңа кәсіпкерлер де бар.
Фото: sk.kz