Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің жабылуында сөз сөйледі.
Президент Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты толық қолдайтынын атап өтіп, Съездің жаһандық пікірталас алаңы ретінде ықпалын арттыруға тырысатынын атап өтті.
"Біз Съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады",-деді Президент.
Мемлекет басшысы бейбітшілік баршаға ортақ басты құндылық екенін атап өтіп, бүгінгі басқосудың татулық пен тұрақтылықты нығайту жолындағы ортақ еңбектің айғағы екенін айтты.
Фото: Ақорда