Егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр, оның қарқыны былтырғы көрсеткіштерден жоғары. Бүгінде 10,2 млн гектардан 15,5 млн тонна астық бастырылды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осылай деп мәлімдеді.
«Жалпы астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде бағаланып отыр. Бұл ішкі нарықтың азық-түліктік астығына, жем-шөпке, тұқымдық материалға қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге әрі экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді», - деді министр.
Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Жалпы, биыл майлы дақыл тұқымының шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық түсімі күтілуде. Сондай-ақ 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды.
Фото: Ақорда