Елімізде соңғы 5 жылда 49 ескерткіш заңсыз орнатылған

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісіндегі парақшасында Қазақстандағы ескерткіш орнатудағы мәселелерді көтерді.

Оның айтуынша, соңғы бес жылда еліміздің он өңірінде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған. Ең көп заңсыз орнатылған ескерткіштер Түркістан (17) және Қостанай (15) облыстарында тіркелген. Мұны министрлік жүргізген талдау көрсеткен. 

"Тіпті республикалық комиссия қолдамаған жобалар да өз бетімен орнатылып кеткен. Кейбір ескерткіштер жеке меншік аумақтарға қойылып, кейде ескерткіш пен шағын архитектуралық нысанның айырмасы да мүлде ескерілмей жатады. Сондықтан ескерткіш орнату – тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек. Әсіресе, игі ниетпен қолдау білдіріп жүрген демеушілер, меценаттар бұл мәселені ұдайы назарда ұстаса дейміз. Ал жергілікті атқарушы органдар заңсыздыққа жол бермей, қатаң бақылауға алуы керек", – деп жазды Аида Балаева. 

Министр "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" заңға сәйкес, әрбір жаңа ескерткіш монументалды өнер құрылыстарын орнату жұмыстарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратынын еске салды.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте монументалды өнер нысандарын орнату ережесін бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, жеке тұлғаларға – 10, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстарды уақытша тоқтату қарастырылған. Кей жағдайларда ескерткіштер жеке меншік аумақтарға орнатылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті ескерілмей жатады", – деді министр. 


Фото: ҚР МАМ