Қ.Тоқаев: Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға алғыс айтты.

Сонымен қатар Орталық Азия және Ресей арасында шынайы достық пен ынтымақтастықты, стратегиялық серіктестікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдірді.

"Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ. Оның жаһандық үдерістердегі қазіргі және келешектегі рөлі зор. Мұны әлем мемлекеттері мойындап отыр. Бүгінгідей келіссөздерге қызығушылықтың артуы осының дәлелі. Тарихи, саяси, экономикалық, гуманитарлық факторлар тұрғысынан алғанда, Қазақстан үшін Ресейдің орны айрықша. Бір ғана деректі айталық: елдеріміздің арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр, яғни 7591 шақырым. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге, әлем экономикасының тұрақсыздығына қарамастан, Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы саналады. Алдағы уақытта да осылай болып қала береді. Орталық Азия өңіріндегі ахуал кейінгі жылдары саяси ынтымақтастық, экономикалық ықпалдастық, мәдени және рухани бірлікке қарай бет алғаны қуантады. Бұл оң үрдіс енді кері сипат алмайды және аймағымыздың Ресей мемлекетінің перспективті әрі беделді серіктесі ретіндегі салмағын үстей түседі", – деді Қазақстан Президенті.


Фото: Ақорда