Қазақстан дүниежүзілік EXPO 2025 Osaka көрмесінде бірінші орынды иеленді

Дүниежүзілік EXPO 2025 Osaka көрмесі өз жұмысын аяқтады. Көрмеге қатысушы мемлекеттер үшін басты оқиға болып саналатын EXPO Awards марапаттау рәсімі өтті.

Аталған рәсім барысында Қазақстан павильоны Theme Development («Көрме тақырыбын ашу») негізгі номинациясы бойынша «С» санатындағы шағын павильондар арасында бірінші орынды иеленді. Бұл санатқа 90-нан астам ел кірді. Қазақстан экспозициясы көрменің басты тақырыбын мазмұнды және ерекше түрде ашқаны үшін жоғары бағаға ие болды.

- Көрме басталған күннен бастап Қазақстан павильоны жапондықтар мен шетелдік туристер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Павильон еліміздің мәдениеті, дәстүрі мен тарихы, инвестициялық, экономикалық және инновациялық дамуы, сондай-ақ цифрландыру, технология және тұрақты даму салаларындағы мазмұнды әрі тартымды экспозициясымен ерекшеленді. Осы орайда халықаралық және жапон бұқаралық ақпарат құралдары павильон туралы бірқатар мақалалар жариялады, - делінген Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратында.

Көрме барысында Қазақстан павильоны ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналып, еліміздің жаһандық қоғамдастықтағы ашық әрі сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін нығайтты. Павильон аясында тоғыз іскерлік және мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Ең ірі оқиғалардың бірі – Қазақстанның Ұлттық күні, ол 2025 жылғы 10 тамызда ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өтті. Сол күні EXPO National Day Hall алаңында Қазақстан Республикасының туы көтеріліп, ауқымды мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шараға шамамен 3 000 көрермен қатысты.


Фото: Сауда және интеграция министрлігі