Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі су деңгейінің төмендеуінен ең көп зардап шегіп отыр. "Қазгидромет" РМК деректеріне сүйенсек, теңіздің тайыздану процесі әлі де жалғасып жатыр және алдағы жылдары бұл үрдіс күшеюі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, Каспий деңгейінің төмендеуіне басты екі себеп бар — климаттың өзгеруі мен адам факторына байланысты әсер. Community Climate System Model атты климаттық модельдің RCP4.5 және RCP8.5 сценарийлері бойынша жүргізілген есептерге сәйкес, ғасырдың ортасына қарай теңіз деңгейі тағы екі метрге төмендеуі ықтимал.
«Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша –32,4-тен –34 метрге дейін төмендеуі мүмкін», — деп хабарлады Қазгидромет.
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі