Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп келіссөз жүргізді

Құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер және көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестік: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп кездесуінің нәтижеcі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтыны айтылды. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.

Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.

Екі ел арасында жалпы сомасы 17 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылды.


Фото: Ақорда