Алматыда Асқар Сүлейменовтің шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті

ҚР Ұлттық кітапханасында жазушы, драматург, сыншы, өнертанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқар Сүлейменовтің шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Іс-шара аясында жазушының түрік тілінде жарық көрген «Бесатар» романы мен «Парасат падишасы» атты екі томдық естеліктер жинағының тұсауы кесілді.

Түркиялық оқырманға қазақ прозасының шоқтығы биік туындыларының бірі ретінде ұсынылған «Бесатар» романында Асқар Сүлейменовтің көркемдік стилі, терең философиялық толғамы мен ұлттық болмысты бейнелеу шеберлігі көрініс тапқан. Ал «Парасат падишасы» жинағында замандастары мен әріптестері жазушының тұлғалық келбеті мен рухани мұрасы жайлы сыр шертеді.

Әдеби жиынға Қазақстаннан ақын-жазушылар, сондай-ақ Түркиядан Орду университетінің профессоры, аудармашы Абдулқадыр Өзтүрік және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.