Парламент фонограмманы пайдалануды шектеу туралы заңды қабылдады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Заң мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларын реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді және ұлттық заңнама мен оның құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

 Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заңның жекелеген баптарына Парламент Сенаты енгізген толықтыруларды қарап шығып, мыналарды атап өтеді. Сенат Мәжіліс депутаттарының фонограмманы пайдалануды шектеу жөніндегі бастамасының мазмұны мен мақсатын қолдай отырып, сенаторлар осы нормаға редакциялық түзету енгізді. Сонымен қатар, «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының талаптарын орындау мақсатында Сенат депутаттары балаларға арналған ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін белгілейтін нормаларды қолданысқа енгізу мерзімін түзетті. Ұсынған өзгерістер мен толықтырулар Парламент Мәжілісі қабылдаған заңның тұжырымдамасын өзгертпейді және оның мазмұнын әлсіретпейді. Осы орайда Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Парламент Сенаты жаңа редакцияда енгізген аталған заңның жекелеген баптарындағы толықтырулармен келісуді ұсынады, — деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт.

Дауыс беру барысында палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау жасады.


Фото: pixabay.com