Мемлекет басшысы: Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында айтты.

«Ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік.

Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер»,
- деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді

«Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото: Ақорда