Жүрек қалауы: Павлодарлық Натальяның қазақ тілін меңгеру тарихы

Бұрын Наталья үшін қазақ тілі әуезді музыка сияқты естілетін - әдемі, бірақ түсініксіз. Павлодарда туып-өсіп, ол бүкіл өмірін орыс тілінде өткізіп келді:
мектепте, университетте, жұмыста. Қазақ тілі қасында болғанымен, «бөтен» сезілетін, параллель өмір сүретіндей еді.


«Мен әрдайым тілді құрметтедім, бірақ ол маған тиесілі емес сияқты көрінетін. Айналамдағылардың бәрі орысша түсінгендіктен, оны үйренудің аса қажеттілігін сезбедім», дейді Наталья.

Екі жыл бұрын, 37 жасында, Наталья осы бөліністе өмір сүргісі келмейтінін түсінді.

«Есімде, әріптестеріммен Наурызды атап жатқанбыз. Барлығы бір-бірін қазақша құттықтап, әзілдеп, ән айтып жатты. Ал мен үндемей күліп тұрдым, ештеңе түсінбей. Сол сәтте қатты ұялып кеттім.

Адамдармен олардың өз тілінде сөйлескім келетінін түсіндім», деп еске алды кейіпкеріміз.

Сол кезде Наталья тегін онлайн-курстарға жазылуға шешім қабылдады.

Алғашқы айлар қиын болды: әліпби, айтылым, грамматика. Бірақ біртіндеп фильмдер, кітаптар, TikTok және әріптестерімен күнделікті сөйлесу арқылы - қазақ тілі оның өмірінің бір бөлігіне айналды.

Бүгінде Наталья тек түсініп қана қоймайды - ол қазақша ойлайды.

«Көршілермен сөйлесемін, жаңалықтар оқимын, посттар жазамын. Әрине, тілді әлі толық меңгерген жоқпын, кейде шатасып қаламын, бірақ ең бастысы
- қорықпаймын. Қазақ тілі ұлтқа қарамай, бәріне ашық», - деп әңгімесін жалғады.

Натальяның хикаясы - жалғыз емес. Қандай ұлттан болса да, қазақ тілін саналы түрде үйрене бастағандар көбейіп келеді. Қалаларда сөйлесу клубтары ашылып жатыр, онлайн-платформалар да қызығушылықтың өсіп жатқанын көрсетеді.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілі Қазақстан бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, халықтың 81,5%-ы мемлекеттік тілді меңгергенін атап өтті.

«Біздің байқауымыз бойынша, орыс ұлтынан шыққандар қазақ тілін көбіне қарым-қатынас арқылы игерсе, қазақтар - оқу арқылы, ал басқа этнос өкілдері - IT өнімдері, сайттар мен порталар арқылы өздігінен меңгереді. Бұл тілдің қазіргі заманның табиғи бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді».

Наталья үшін қазақ тілі - формалдық емес, елдің бір бөлігі екеніңді сезіндіретін құрал.

«Қазақша сөйлей бастаған кезде, өзім тұрып жатқан елді жақсырақ сезіне бастағанымды түсіндім», - деді Наталья.


Кубиева Аружан

(Astana IT University)