Геннадий Головкин І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

Мемлекет басшысы World Boxing президенті Геннадий Головкинді қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады. Бұл шешімді даңқты спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз абырой-беделінің мойындалғаны деп бағалады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы танымал спортшының Ұлттық олимпиада комитетіндегі қызметіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ боксты одан әрі дамытуға, осы спорт түрінің еліміздегі және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға дайын екенін жеткізді.


Фото: Ақорда