Президент Тоқаевқа Алматы агломерациясын дамыту жоспары таныстырылды

Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ Алматы агломерациясын дамыту жоспары жөнінде баяндалды.

Марат Сұлтанғазиев соңғы 3 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,8 есе артып, 3,4 триллион теңгеден 6 триллион теңгеге өскенін айтты. Биылғы қаңтар — қазан айлары аралығындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7 пайызды құрады. Халықаралық компаниялардың қатысуымен тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында жалпы сомасы 470 миллиард теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Президентке биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 28,5 пайыз ұлғайып, 618,5 миллион долларға жеткені жөнінде мәлімет берілді. Бұл ретте экспорттың 90 пайызы жоғары деңгейде қайта өңделген өнімге тиесілі.

Мемлекет басшысына Алматы облысы ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдаланатын жетекші өңірлердің бірі екені айтылды: яғни бір теңге субсидияға 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Тауарлы сүт фермаларының саны 11-ге дейін көбейді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың әлеуметтік дамуы туралы ақпарат ұсынылды. Биылғы он айда 950 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынған. Үш ауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды.


Фото: Ақорда