Қазақстандық математиктер әлемдік олимпиадаға арнап есептер құрастырды

Қазақстандық математиктер құрастырған есептер бүгінде әлем елдерінің айрықша қызығушылығын тудырып отыр. Осыны тағы бір мәрте дәлелдеген халықаралық FEMO олимпиадасы ауқымы кең, беделі жоғары зияткерлік сайыстардың бірі ретінде ерекшеленді.

Халықаралық білім додасына Аустрия, Әзірбайжан, Беларусь, Германия, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғыз, Коста-Рика, Малайзия, Ресей, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ, Өзбекстан сынды 17 елден 4 мыңға жуық бала қатысты. Айта кету керек, аталған халықаралық сайыс қатысушыларының басым бөлігін елордалық оқушылар құрады.

Аталған байқау Республикалық физика-математика мектебі мен Астана қаласындағы Fizmat Academy ұйымдастыруымен сегізінші мәрте өткізілді. Бұл білім бәйгесі жас математиктердің өз білімін таразылап, логикалық ойлау қабілетін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді.

Байқауда қатысушыларға математика пәнінен 10-15 тапсырмадан тұратын есептер ұсынылды. Тапсырмалар оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай бірізділікпен құрастырылған. Олимпиада әр мемлекетте жергілікті орталықтарда ұйымдастырылып, барлық қатысушыға тең мүмкіндік жасалды.

FEMO халықаралық олимпиадасы негізінен үш кезеңнен тұрады. Желтоқсандағы қысқы іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар 2026 жылдың 1 наурызында ұйымдастырылатын көктемгі кезеңге жолдама алады. Ал көктемгі кезеңнің үздіктері өз мемлекеттерінің намысын Түркияда өтетін халықаралық финалда қорғайды.