Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата –Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы мерейлі сәтке орай ұйымдастырылған халықаралық форумда көтерілетін мәселелердің маңызын атап өтті.

– Ашхабад секілді көркем шаһарға шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мұнда келген сайын қонақжай пейілдеріңізді, туыстық әрі достық көңілдеріңізді сезінеміз. Ертеңгі форум өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шығатынына және халықаралық қатынастар тарихында айтулы уақиға болатынына сенімдімін. Өйткені бұл жиында бейбітшілік, бейтараптылық және сенім секілді ең өзекті тақырыптар қозғалады. Қазіргі әлемге жетпей тұрғаны да осы құндылықтар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын талқылады.

Мемлекеттер басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.


Фото: Ақорда