Қазір Қазақстанда 3,5 миллионға жуық адам (яғни, халықтың 18%-ға жуығы) МӘМС жүйесіне қатыспайды. Олардың шамамен 1 миллионы әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық (D санаты) және шұғыл (E санаты) деңгейде деп танылғандар.
Белгілі болғандай, қазақстандықтардың шамамен 60%-ы МӘМС жүйесінде жеңілдік санатына кіреді, яғни олар үшін жарнаны мемлекет төлейді (мысалы, зейнет ақы алушылар, балалар, студенттер, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар жандар, ресми тіркелген жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және басқалар).
2025 жылдың 14 шілдесінде қабылданған заң аясында жергілікті атқарушы органдарға тұрғындарды медициналық сақтандырумен қамту жұмысын күшейтуді және медициналық көмекке жүгінген, жұмыс істемейтін, табысы төмен азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлеу міндеттелді.
Яғни, 2026 жылы әлеуметтік тұрғыдан осал D және E санатындағы азаматтарды әкімдіктердің жарналары есебінен сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметпен қамту іске қосылады. Нәтижесінде осал топтар медициналық көмекке қолжетімділігін сақтайды
Әкімдіктер жарнаны D және E санатындағы барлық адамдар үшін емес, тек МӘМС аясында медициналық қызмет алған азаматтар үшін төлейді. Нақтылап айтқанда, Цифрлық отбасылық карта деректері бойынша, D және E санаттарға кіретін адамдар Қор ақпараттық жүйесінде автоматтық түрде сақтандырылған мәртебесін 2026 жылдың басынан бастап алады, оларға МӘМС шеңберінде медициналық көмек алу құқығы беріледі. Ал егер қаңтар айында аталған санаттағыларға медициналық көмек көрсетілсе, онда келесі айдан – яғни ақпаннан бастап және жыл соңына дейін мед көмек алған адамның тұрғылықты өңір әкімшілігі ол үшін МӘМС жүйесіне жарна төлейді. Жарна мөлшері өңірдегі орташа жалақыға сүйене отырып, басқа жеңілдік санаттары үшін қолданылатын ережелерге сәйкес есептеледі.
Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарының төлену тәртібі өзгереді: қазір бұл жарналарды республикалық бюджет төлейді, ал 2026 жылдың басынан бастап олар үшін де жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.
Фото: egemen.kz