Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің ұлттық энергетикалық жүйенің орнықтылығына арналған отырысы өтті.
Бүгінде Қазақстанның электр қуатын өндіруге қажетті ресурстары жеткілікті. Дегенмен сұраныстың ұдайы артуы қуат көздерін ұтымды әрі оңтайлы пайдалануды талап етеді.
Кеңесте отандық электр қуатын қажеттілікке қарай икемдеп өндіру мәселесі қозғалды. Соның ішінде газ генерациясы, энергия сақтау жүйелерін дамыту жоспарларымен қатар гидроэнергетиканың әлеуеті өзекті саналады.
Мемлекет басшысының айтуынша, аграрлық секторға, өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды.
Сонымен қатар саланың ғылыми-техникалық және кадрлық жай-күйіне айрықша назар аударылды.
Жиын соңында Үкіметке және өңір әкімдеріне отандық энергетика жүйесінің тұрақтылығына қатысты мәселелерді жан-жақты шешу тапсырылды.
Фото: Ақорда