Министр аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын комиссия құруды ұсынды

Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қызылордада V Ұлттық құрылтай аясында ұйымдастырылған «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясының отырысында айтты. Шараға Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

«Талқылаудың негізгі өзегін мәдениетті дамыту, креативті индустрияларды дамыту, әлеуметтік саланы жақсарту және отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері құрады. Сондай-ақ балалар контентін дамыту және анимация индустриясын өркендету тақырыбы көтерілді. Талқылау барысында қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақтау және «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру – қазақстандық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты», - делінген министрлік ақпаратында.

Осыған орай Аида Балаева аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен бірге заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.