Олжас Бектенов салық реформасы бойынша түсіндіру жұмыстарының барысымен танысты

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің халыққа Жолдауында және Ұлттық құрылтайда алға қойған міндеттері аясында Электронды қаржы орталығының (ЭҚО) цифрлық инфрақұрылымымен және халық пен бизнеске салық реформасы туралы жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды primminister.kz сайты.

Онда Бірыңғай байланыс орталығының жұмысы көрсетілді. Салық төлеушілерге кеңес беру үш деңгейлі жүйе арқылы жүзеге асырылады: бастапқы түсіндіру, қолдау көрсету және ақпараттық жүйелерге өзгерістер енгізу. Биылғы қаңтар айының басынан бері 1414 ақысыз сенім телефонына, мессенджерлер және жылдам хабар алмасу қолданбаларына және ЖИ-мен жұмыс істейтін чат-боттарға телефон қоңыраулары арқылы 135,5 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Күн сайын операторлар орта есеппен 13-14 мың өтініш қабылдайды. Олардың 7 мыңға жуығы салық реформасы, әлеуметтік төлемдер және тағы да басқа мәселелерге қатысты сұрақтар. Қажет болған жағдайда азаматтар мен бизнестің қоңыраулары мен хабарламалары жүйелік шешімдерді талдау және қабылдау үшін тиісті бөлімшелерге жіберіледі.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде атап өткендей, біздің міндетіміз – Салық кодексінің жаңа нормаларын енгізе отырып, "фискалдық транзитті" біркелкі, әрі жанжалсыз өткізу. Халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылдың тиімді жүйесін құру.

"Біз әділ де тиімді салық жүйесін орнатамыз, осы ретте біртіндеп салық төлеу мәдениетін қалыптастыруға бет бұрып келеміз. Салық төлеу арқылы туған өлкенің дамуына үлес қосуға болады деген саналы тәсілді ынталандыру маңызды. Президент те патриотизмнің осы түрі туралы айтып отыр. Бүгін біз бизнестің әділ Қазақстан қағидаттарына біртіндеп бейімделіп келе жатқанын көріп отырмыз. 2025 жылы бизнес субъектілері өз бетінше 750 млрд теңгеден астам салық төледі", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр салық реформасы барлық өзгеде жаңашылдықтар сияқты қиындықтар мен жаңа сын-қатерлерге толы атап өтті. Соған қарамастан, Қазақстанда іскерлік белсенділік артуда. Қаржы министрлігінің деректері бойынша 2025 жылы елде 480 мың жаңа заңды тұлға тіркелген. Осы жылдың алғашқы 20 күнінде – тағы 22 мың субъект, бұл бизнестің жаппай жабылуы туралы болжамдардың теріс екенін көрсетеді. Алайда бизнестің қызметіне нақты кедергі келтіретін нормаларды анықтаған кезде оларды қорытып, түзету бойынша ұсыныстар енгізу керек.

Салықтық әкімшілендіруді оңайлату және бюрократиялық рәсімдерді төмендету бойынша елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа қолжетімді және сапалы түсіндіруге баса назар аударылды.